вторник, 5 ноября 2013 г.


«Бір ел – бір кітап» акциясы шеңберінде ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» кітабына араналған Қарағалы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің өткізілетін іс-шаралар
ЖОСПАРЫ

Іс-шаралар атауы
Мақсаты
Шара түрі
уақыты
жауапты
1
Фариза мұрасы –ұрпак санасында
Акцияның мақсаты: оқуды алға бастыру бағдарламасын дамыту, оку мәдениеті мен сауаттылылығын қолдау, рухани мұраны сақтау, ана тіліне деген сүйіспеншілік, сонымен қатар жастарға адамгершілік және патриоттық тәрбие беру.
Кітап көрмесі
Сәуір-қыркүйек
АОК
2
Фариза Оңғарсынова әлемі
Кітап көрмесі
Сәуір-қыркүйек
а/к
3
Вихрем скачу на коне...
Кітап көрмесі
Сәуір-қыркүйек
а/к
4
Душа откликнулась
Кітап көрмесі
Сәуір-қыркүйек
а/к
5
«Бір ел – бір кітап» акциясының ашылуы
Ашылу салтаны
23 сәуір
АОК
6
Фариза – поэзияның хас шебері
Поэзия сағаты
23 қыркүйек
Шәмші Қалдаяқов ауыл кітапханасы
7
Махаббат – мәңгілік әлем
Тақырыптық кеш
23 қыркүйек
Қайрақты а/к
8
Дара – алтынның өзі
Танымдылық сағаты
24 қыркүйек
Мамыт а/к
9
Фариза – ақынның ақыны
Тақырыптық кеш
24 қыркүйек
Степной а/к
10
Поэзия пірі – Фариза
Танымдылық сағат
24 қыркүйек
Әлімбет а/к
11
Фариза – жыр жұлдызы
Поэзия сағаты
25 қыркүйек
Қарабұтақ а/к
12
Көркем сөз иесі – Фариза
Тақырыптық кеш
25 қыркүйек
Ақжайық а/к
13
Сөзден өрнек төккен ақын
Портреттік кеш
25 қыркүйек
Первомай а/к
14
Фариза феномені
Тақырыптық кеш
26 қыркүйек
Петропавловка а/к
15
Поэзия падишасы
Поэзия сағаты
26 қыркүйек
Қосестек а/к
16
Поэзия аруы
Поэзия сағаты
26 қыркүйек
Ащылысай а/к
17
Мир Фаризы Унгарсыновой
Поэзия сағаты
27 қыркүйек
Ақкөл а/к
18
В кругу истинных ценностей
Тақырыптық кеш
27 қыркүйек
Бөзтөбе
19
Стихов и песен волшебство
Поэзия сағаты
27 қыркүйек
Сарыбұлақ а/к
20
Жыр – менің жалғыз тарланым
Тақырыптық кеш
27 қыркүйек
Жосалы а/к
21
Акцияның салтанатты жабылуы «Сөзден өрнек салған ақын»
Жабылуы
27 қыркүйек
АОК

         Бүгінде Фариза Оңғарсынова Қазақстанның ең көп оқылатын авторы болып саналады. Оның шығармашылығының негізгі тақырыптары - сүйіспеншілік пен жек көрушілік, ерлік пен қорқақтық, жақсылық пен жамандық. Өзінің көптеген өлеңдерін ақын туған ауылына, жерлестеріне және бүкіл қазақстандықтарға арнады. Фариза Оңғарсынованың шығармаларына әлеуметтік пен азаматтық тән, ақын жырлары отансүйгіштік рухты оятып, туған халқын сүюге, құрметтеуге, оның дәстүрлері мен мәдениетін қастерлеуге шақырады. Фариза Оңғарсынова әлі күнге қазақстандық поэзияның дамуына өз үлесін қосуда: ол «Тұмар» атты республикалық-көркем журналдың бас редакторы болып табылады, сонымен қатар жас талантты әдебиетшілерді қолдайды. Кітапханамызда жыл бойына Фариза Оңғарсынованың шығармашылық шеберлігін ашатын  көптеген іс-шаралар өткізілу жоспарлануда.

    


ф1Қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік есімдердің бірегейі – Фариза Оңғарсынова. Әсіресе жастар жағы
жастанып оқитын Фариза ақынның шығармаларын енді дүйім жұрт оқитын болады. Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Бір ел – бір кітап» жобасына Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр жинағы ұсынылды.
    Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем. Ақынның жазған жырлары сандуғаш болып сайрайды. "Маңғыстау монологтары" ақынның отыз жасындағы қолтаңбасы. Содан бері "Мазасыз шақ", "Мен сенің жүрегіңдемін", "Шілде", "Сенің махаббатың", "Дауа" сияқты кітаптары адам атты күрделі жаратылысты сан зерттейді. Олар не туралы? Махамбеттің мұңын сезгенде, қайратынан жыр жанғанда өршіл сарынға ерік береді. Міне, Фариза ақынның халқына ұсынған өр мінезді жырлары осы еңбектері арқылы белгілі болды.
Өмір дерек
Фариза Оңғарсынова - қазақ ақыны, халық жазушысы, журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің I және II шақыруларының депутаты (1996-2004). Әкесі - Иманғалиев Оңғарсын. Анасы -     Иманғалиева Қалима. Ұлы - Оңғарсынов Әнуар. Немерелері – Анита, Алан, Әнел.
1939 жылдың 5 желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.
1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркін қала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектептерінде үстаздық еткен.
1966-1968 жж. Гурьев облыстық "Коммунистік еңбек" газетінің партия түрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген.
1968-1970 жж. республикалық "Лениншіл жас" газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған.
1970-1978 жж. республикалық "Қазақстан пионері" газетінің бас редакторы, 1978 жылғы желтоқсаннан "Пионер" журналының бас редакторы болып істеген.
1978-1996 жж - республикалық «lino-Hep» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы. ҚР Парламенті Мәжілісі 1-ші және 2-ші шақырылымдарының депутаты (1996-2004).

Шығармашылығы
         Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, "Біздің Камшат" повесі, аудармалары "Жазушы", "Жалын", "Молодая гвардия" баспаларынан жарық көрді.
         Орыс, туысқан республикалар ақындарының,
Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды казак тіліне аударған.
         Фариза Оңғарсынованың өлендерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен ерекшеленеді.
         "Жүрек сенсің..." деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз, немесе ақын арсыз жандардың жағымсыз жат қылықтарын ашына былайша жырлаған:
             Не қасиет күтерсің бүгінгі елден,
             Жасқаншақтап күйеудей үрын келген.
             Айтар сөзін көмейге көміп қойып,
             Күн кешеді қорқумен, дірілдеумен.
Ақынның творчествосына тән басты қасиет — шындыкқа бас ию. Оның бүл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп түрады. 1979 жылы жарық көрген "Сенің махаббатың" жинағындағы "Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы" атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар  Ф. Оңғарсынованың поэзиясында нанымды, салмақты көрініс тапқан.
1967 жылы "Бұлбұл" деген атпен тұңғыш жыр кітабы жарық көреді.
1984 жылы "Үйім — менің Отаным", "Маңғыстау монологтары", "Революция және мен" өлеңдері топтамалары үшін (1979 ж.) Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

         Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, "Құрмет Белгісі" (1976 ж.), "Парасат" ордендерімен (1996ж.)  марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.
Халыққа білім беру ісінің үздігі (1985).
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.





Ақын лирикасы

         Ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Ол сезім күйлерін шертуге, Әлия мен Мәншүктің тағдыры мен трагедиясына дастандар арнады. Ақын – өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы – поэзия.
                  Көңілді, жайлы күнімді,
                  Азапты қайғы мұңымды
                  Өзімменен бөліскенің үшін,
                  Қатем мен жеңістерім үшін,
                Менің мынау қиындау тағдырым болып
                     О, баста көріскенің үшін
                     Өлең, мен сені аялап өтем! –
деп толғайды.
         "Асау толқын" атты өлеңінде:
Тағдырыңды сенің тапсырдым сенімді ұрпаққа 
Көз нұрың, болашағыңда – сол түбінде, елім 
Келеді әйтеуір бір ұрпақ менің соңымнан – бар үміт сенде. 
         О, асау толқыным менің! – деген жолдардан ақынның жастарға үлкен сеніммен, үмітпен қарайтыны анық байқалады. Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі замана талабының биік өрісіне лайықтап жырлау – Фариза туындыларының бір қыры.
         Әйел – Ана тақырыбы. Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: "Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім – әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы", – дей келе:
              Өз-өзіммен өртеніп барам жанып, 
              Жүректен жас ағады тарамданып.
    Менде жоқ қой бұл күнде тым болмаса,
              Ақтарылар алдыңда саған барып.
              Жасқа ғана толады жанар налып,
              Мен үшін тұр дүние қараң қалып, –
деп, әйелдің мұң-қайғысын сыр ғып шертеді. Енді бірде ақын:
              Мезгіл бұршақ жаныңа салып таңба, 
              Қайратыңнан қайысып, налып қалма, 
              Сені іздейтін аға бар тарыққанда, 
              Інілер бар дем берер жабыққанға. 
              Бір ақиқат – бәрібір жоғалмайсың, 
              Жоғалмайтын жоқтаушы халық барда, – дейді.
         Демек, азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым жалаң публицистикалық шалқу дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықта көрінеді.
              Мен даланың қызы едім, 
              Жазығында жатпайтын көз ілер қара. 
              Жазира менің жанымның өзі де дара. 
              Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді 
              Өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана, –
деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр. Сондай-ақ , ақынның биік арманы анық көрінеді. Фаризаның беріліп, шабыттанып, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік тақырыбынан басқа да саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларға ауысып суреттегенін көреміз. Туған жер, Отан-Ананы нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен өрнектейді.
                Туған жерге сағыныш. 
                  О, туған жер, кең пейіл құшағың кең, 
                  Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен. 
                  Сағынышымды қанат қып саған қарай                                      
                  Балапандай талпынып ұшамын мен, – 
немесе: 
                  "Сені қалай сүю керектігін 
                   Мен ешқандай кітаптан оқымадым", –
деп, туған жерге деген өзінің сағынышын, ерекше сезімін жырғып шынайы суреттейді. Ал:
                  Далам менің – қазынам, жыр сандығым, 
                  Жыр нәрімен жер балқып, босанды құм. 
                  Сортан жердің тұзы бар тамырымда 
                  Ақшылтымдау сондықтан жусан жырым, –
деген жолдардағы сезімі ерекше. Фаризаның өз сөзімен айтқанда, "өнер де, өмірдің өзі сияқты, ылғи қуаныш пен шаттықтан тұрмайтыны белгілі". Сондықтан да болар, Фариза:
Менің жырым – Құштарлық қысқан кеудемнен 
Бұрқырап жатқан бір жалын... – дейді. 
Ағынан ақтарыла жырлау, ой-сезім тізгінін өлең жолында іріктей еркін ұстау – Фариза туындыларының өзекті қасиеті.
                   "Атқа шапқан-бақыт деп женгелерім 
                    Жұбатса да, жүрегім көнбей менің 
                    Алып ұшып тұра алмай бір орнымда 
                   "Бәйгесі құрсын, өзі аман келгей", –
дедім... 
         Бұлай деп тек ана ғана бәйек бола алса керек. Ақын қыз соғыс зардабын, соғыстан оралмаған талай әкелер мен ағалардың, қыршын кеткен жастардың тағдырын айрықша бір сүйіспеншілікпен жырлайды.
                   Солай біздер қоштастық балалықпен, 
                   Біз күткенбіз әкені, ана күткен. 
                   Күту қиын, адам бұны ұқпаған, 
                   Солдат көрсем, әлі күн тұрып қалам, 
                   Әкем емес екен деп қадалып мен... – 
немесе: 
                   Келеді, рас, Жеңістер қасіретпен, 
                   Құрбандықпен... талайдың шашы ағарып, – деген жолдарынан "Жеңіс күні" оңайлықпен келмегенін ашып айтады.
         Табиғатты жырлау. Мұнда ақынның ешкімге ұқсамайтын өзіндік үні, даусы анық байқалады. Ақынның "Жаз" деген өлеңі тұла бойы қолмен қашалып жасалған әдемі мүсінді көз алдына елестетеді. Сурет пен теңеу, өткір ойлар қосылып өрілгенде көз алдыңа ғажап дала бейнесі келеді. Жаздың ыстық жалынына төзе алмаған ерке бұлақ көрінісі – ғажап! Биік таудың басына ызғар, мұзы жатса да, төсінде қызыл ала қызғалдақтар жайқалып тұр. Бұл – әсем Алатаудың көз тоймас келбеті ғой! 
                    Сұлулар барған сайға бұғып, 
                    Қарайды көлдің бетін айна қылып. 
                    Шіркін, жаз, жомартсың-ау базарлыққа, 
              Бересің жан біткенге жайдарылық. 
Адам жанына шуақ сеуіп, күлімдеп жүретін жандар болады. Осындай адамды жадыраған жаз мінезді адам дейді. Бұл жерде ақын жаз бен адамды салыстырып отыр. Табиғат тірі. Оған мына бір жолдарды оқи отырып көз жеткіземіз:
              Бас иіп қырдың жасыл қияқтары, 
              Тұрғандай жаныңа әсем күй ақтарып. 
              Көп-нәзік қырдың гүлі албырайды, 
              Алғашқы балғын сезім сияқтанып. 
              Күн шықты жанарыңнан нұр атылып, 
              Құм жатыр бұйра жонда шұбатылып. 
              Жартыкеш ай барады жаутаң қағып, 
              Үйінен кеткен қыздай ұзатылып. 
Анықтап көз салсақ, осы өлең жолдарында небір әдемі теңеулер, айшықтап суреттелген табиғат көрінісі бар. "Жарты-кеш ай ұзатылған қызға ұқсаса, қыр тәтті ұйқысын қимай қалғып қана тыныштық құшағында жатыр. Ал нәп-нәзік қырдың жұпар гүлі алғашқы балғын сезімге ұқсайды", – дейді ақын. Шынында мұндай тапқыр да сұлу тіркестерді тек Фариза ақын ғана таба алатын сияқты. Осылай еркелей жырлау Фаризаға тән секілді. 
Фариза өлеңдеріндегі табиғат тақырыбы ғажайып суреттерге толы. Жыр әлеміне құлаш ұрған ақын жырлары өз оқырмандарын қуанта берері сөзсіз.

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА: КІТАП ОҚЫМАҒАН АДАМ – ТАМЫРСЫЗ ҚАҢБАҚ

http://baq.kz/foto/434_96aa400632eba2cc39ba303ffc25b6b3.jpg 
         Ақын, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсыновамен сұхбат.
         – Фариза апа, Сіз қазақ поэзиясына жаңа көзқарас әкелген, өн бойында өр рухтың жарқылы ойнаған, айналасында сәруар сезімнің самалы ескен ерекше әлемі бар ақынсыз. Сізді ең алғаш ерекше әсерге бөлеген қандай кітап?
         – Біржан мен Сараның айтысы. Оны мен мектепке бармай тұрып оқығанмын. Аға, әпкелерім үйде көп кітап ұстайтын. Айтыс деген (атын ұмытып қалаппын) үлкен кітап болды. Құлмамбет пен Жамбылдың айтысында қызығып оқитынмын.
Сараның (бұл айтысты Әріп ақын жазыпты деп жүр ғой біреулер) түйдек-түйдек жыр шумақтарын рахаттана оқығаннан мен алғаш рет ер-азаматтардан кем түспейтін қыздар да болады екен-ау деп таңданғанмын.
         – Әр тұлғаның өзінің кітап оқу әдісі бар екенін білеміз. Кітапты қалай оқисыз, апа?
         – Кітап оқитын ерекше әдісім жоқ. Біздің балалық, жасөспірім шағымыз кітап оқумен өтті. Ол кезде теледидар деген атымен жоқ болатын және біздің заманымызда кітап оқу ана сүтіндей тәтті еді. Басқа тілден аударылған кітаптар да көп еді. Біз кітапты таңдап-талғамай оқи беретінбіз.
         – Кез келген адамда бала кезінен оқып жүретін жанына азық, жүрегіне жақын бір кітап болады ғой… Сіз қандай кітапты қайта-қайта оқып, әлі күнге дейін тамсанып тастамай жүрсіз?
         – Ауыз әдебиетінің туындыларын әлі күнге дейін анда-сонда бір қарап қоямын. «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баянсұлу» секілді лиро-эпостық жырлар, сосын «Алпамыс», «Қобыланды батыр» жырлары мен баяғы айтыстар.
         – Әрбір ақының жеке «лабораториясы» бар. Өзінің оқитын кітаптары бар. Сіздің жеке кітапханаңыз жайлы білгіміз келеді… Қай жасыңыздан бастап кітап жинадыңыз?
         – Ой, мен ондай мұқият адам емеспін. Бала кезде аға, әпкелерімнің жинаған кітаптарын мүжіп жүрдім, үйдегі көп кітаптар орысша еді. Әлі есімде, Л.Толстойдың «Анна Каренинасын» тісім өтпесе де ежектеп оқи беретінмін. Ал, өзіме ұнаған шығармаларды студент жақтың соңғы жылдарында ғана жинауға тырыстым. Әлем классиктерінің толық жинақтары дегендей. Қазір үйде көп кітап ұстамаймын, кітапханамды балам Алмасқа сыйға бергем.
         – «Кітап ұрлау – ұрлыққа жатпайды» дейді ғой. Сіз кітап ұрлап көрдіңіз бе? Мәселен, студенттік кезде…
         – Жоқ, ешқашан кітапты да, басқаны да ұрлап көрген емеспін.
         – Сізге сыйлыққа кітап әкеле ме? Мереке, туған күн… т.с.с.
         – Мәскеуде Александр Косоруков деген досым бар, сол кітап сыйлады. Мысалы, «Агни Йоганың» томдары, Әл-Фарабидің толық жинағы секілді өзім сүйіп оқитын шығармаларды жіберіп тұрады.
Өздерінің кітаптарын ұсынатындар да көп, бірақ арнаулы мереке-мейрамға немесе туған күнге кітап сыйлайтындар ілуде біреу.
         – Өз кітабыңызды өзіңіз оқитын кездер бола ма?
         – Өз кітабымды жиі-жиі қарап оқып тұрамын.
         –Жақында оқыған кітабыңыз?
         – Қазақ әдебиетінің тарихында ерекше орыны бар, әдебиетімізді әлемдік дәрежеге көтеруге, дүниежүзі оқырмандарына қазақ ақын-жазушыларын таныстыруға жанын салып қызмет еткен Әнуар Әлімжанов деген ағамыз болды. Өткен жылы туғанына 80 жыл толып еді, бүгінгі қоғам үнсіз қалды. «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «Дороги людей», «Сувенир из отрара», «Көгілдір таулар» деген роман-повестерінің бәрінде халқымыздың рухын көтеру, тәуелсіздік жолындағы балаларымыздың күреспен өткен өмірі баяндалады. Менімен қатар, кейін шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын орыс тіліне аудартуға көп қызмет еткен Әнуар Әлімжанов болатын. Сол кісінің «пілдің баласы» деген әңгімесін және Лондонда 1990 жылы өткен Ядролық қарусыздандыру ұлттық комитетінің конференциясы мен Ұлыбританияның қауымдар палатасында «Атом күліне көміліп қалмайық» деген тақырыппен сөйлеген сөзін оқыдым. Әнуар ағамыз орыс тілінде жазатын, бірақ оның үлкен-кіші әр шығармасында қазақы қан, ар мен намыс бұрқырап аспанға атып жататын.
         – Бүгінде дәстүрлі кітаппен қатар аудио кітаптар да кең таралып, өз оқырмандарын табуда. Мұның артық-кемі туралы айтарыңыз бар ма?
         – Өткенде Ақтау қаласынан Астанаға ұшқан самолет ішінде жанымда отырған бір жас жігіт үлкендігі, көлемі орташа ғана кітаптай бірдеңені сөмкесінен алып оқып отырған. Шамасы, аудиокітап деп отырғаның сол шығар. Мен өткен ғасырдың түлегімін ғой, цивилизация дәуірінің туындыларына құлқым жоқ. Компьютер, интернет дегендерге жақындаудан аулақпын. Менің негізгі адами принциптерім: адамға ақыл-парасат, адалдық, адамгершілік, жанашырлық, намысқойлық секілді қасиеттер ана сүтімен сіңеді, содан кейін көркем әдебиет шығармалары арқылы толығады.
         – Кейбір ақын-жазушылардың жеке кітапханасында өзінің каталог, картотекасы болады екен. Сіз іздеген кітабыңызды тез тауып алу үшін қандай тәсіл қолданасыз?
         – Ондай тәсіл де, картотека, каталог дегендер менде жоқ.
         – Кейбір адамдар кітапқа сараң болады немесе кітаптарын қызғанады, ешкімге бермейді, ұстатпайды. Сізде осындай «қасиет» бар ма?
         – Жоқ ондай «қасиет» менде жоқ. Кейде біреулер кітаптарымды алып кетеді екен, оны кейін біліп жатамын. Бірақ бұл жөнінде ұрыс-керіс, жаманаттасу болып көрген емес.
         – Фариза апа, автор мен кітап, кітап пен оқырман, оқырман мен автордың бір-бірінсіз күні жоқ. Қазіргі жастар кітап оқымайды деп жатамыз. Бәзбіреулер «кітаптың дәурені өтіп бара жатқан секілді…» дейді. Сонда бұған кінәлі талантсыз авторлар ма? Жоқ, әлде кітап тиражының мардымсыздығы не сапасыздығы ма? Немесе қазіргі адамдардың уақытын ақша таптап, жеңіл-желпі интернеттік ақпаратқа құштар өресіз оқырмандардың көбеюі ме?!
         – Әдебиетте талғам жоқ. Бәрін ақша шешетін заман туғасын, қалталы жұрттың бәрі том-том кітап шығаратын болды. Біреу ата-бабасын мақтайды. Ал. Біреулер өмірбаянын жазады дегендей. Олардың кітаптары толған анекдот па, адамның жүрегі айнитын кілауыз сөздер ме – бәрі бір. Айтып отырған пікірлеріңнің бәрі дұрыс. Әдебиет оқырманның тәрбиешісі. Әдеби шығарма ортаңқол оқырманға түсінікті болу үшін оның деңгейіне түспеуі керек. Ә дегеннің бәрі Әміре емес, кітап шығарғанның бәрі ақын не жазушы емес екенін қалың оқырман ұқпайды. Арзан, түсінікті дүниесымақтарға қол соғады.
         – Қазіргі қазақ баспагерлерінің жұмысын қалай бағалайсыз?
         – Өте нашар бағалаймын. Менің пікірім – әр баспаның жанында редакциялық кеңес болғаны дұрыс. Талғамсыз дүниелерді үйіп-төгіп шығарып, макулатураны көбейткеннен пайда жоқ. Әрине, баспагерге пайда түседі. Баспаның беделі болу керек. Бедел деген аспаннан түспейді, тек шын мәніндегі көркем шығармаларды таңдап шығарса ғана беделге ие болады. Қазіргі баспалардың ішінде «Аударма» баспасы тәуір.
         – Шетелде әрбір қаламгердің шығармашылық кешін өткізіп, кітабын таратып, сатумен айналысатын әдеби-агенттер бар. Осы мәселені көтеріп жүргендер жетерлік. Бізге бұл қажет пе?
         – Шетелдің әдебиетшілерімен араластығым жоқ. Егемендік алғаннан бері әдеби кездесулер дегенді өз басым естіген емеспін. Жазушылар Одағының басшылары араласатын болса керек. Әдеби-агент болады ақын-жазушыларға қызмет ететін дегенді өзіңнен бірінші рет естіп отырмын. Егер ондай агенттер болса тек бай жазушыларда болатын шығар, себебі ақша төлеу керек қой оларға. Бізде ондай жазушы не ақын бар деп ойламаймын. Бұрын әдебиетшілер бюросы деген үкімет қаржыландыратын мекеме болатын, ол жазушылардың халықпен кездесуі үшін іс-сапарлар ұйымдастырып қаражат төлейтін. Егер сол секілді мекеме болса бір сәрі, ал жеке жазушы агент ұстауы бізде мүмкін емес.
         – Балаларға арнап көптеген өлеңдер жаздыңыз. Балаларға арнап кітап та шығардыңыз. Балаларға арналған кітаптар туралы айтыңызшы… Еліміздің қай қаласына барсаң да балаларға арналған қазақша кітап табылмайды…
         – Қазақта балаларға арнап ешкім дүние жазбаса, мен не айтамын. Бердібек Соқпақбаев ағамыздың «Менің атым Қожа», Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің басынан кешкендері» секілді ұлы дүниелер жоқ. Гарри Поттер деген бір сұмырай шығып, жұрттың бәрін есалаң етіп болды.
Балаларға арналған шығармалар өз деңгейінде бағаланбайды, оларға мемлекеттік сыйлық берілмейді. Қазіргі заманға лайық ертегілер, бастауыш класс мұғалімінің күнделігі секілді дүниелер жазылса ғой.
         – Кітап басу, оқу мәселесі жайлы жеке ұсынысыңыз?
         –Қазіргі базар экономикасының заманы талғампазсыздыққа, жақсы мен жаманды ажырата алмауға тәрбиелеуде. Ана бір жылы мен елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына мемлекеттік бір баспа болу керек, оның жанында редакциялық беделді кеңес болғаны дұрыс, ол баспадан тек биік деңгейдегі шынайы дүниелер шығар еді деп ауызша ұсыныс айтып едім. Әлі де сол пікірдемін.
Бұрын мектептерде, ауылдық, аудандық, облыстық, республикалық кітапханаларды әдеби конференциялар, викториналық кештер ұйымдастырылатын. Қазір олардың бәрі ұмыт қалды. Теледидар каналдарынан ақын-жазушылардың кештері көрсетіліп тұратын. Оларды халық соншалықты ықылас-ынтамен сүйсініп көретін. Мұның бәрі халықтың рухани өсуіне, жастарды тәрбиелеуге арналған құралдар еді, амал не, бұл күнде оған мән берілмейді.
         Кітап оқымаған адам – тамырсыз қаңбақ. Өркениетті мемлекет болу үшін жеке пенделерді ғана байытып отырған материалдық байлық емес, ол мемлекет адамдарының рухани байлығы керек. Кітап – сол рухани байлықтың негізі бөлімі.

Сұхбаттасқан: Бауыржан Қарағызұлы

Ақын қаламынан туған туындылар

 

 

Әкеме

 

Әкем біреу, анам да біреу менің,
Мен жығылсам сүйенер тіреулерім.
Олар барда мереке, көрген емен
Қабақтарын шытқанын, түнергенін.
Менің досым әкесін жек көреді,
«Бізбен ісі жоқ оның» деп сөгеді,
Жамандайды сыртынан, тістенеді,
Бір-біріне бітпейді өкпелері.
Дос тапса да адамдар, тапса-дағы,
Әке жалғыз, табылмас ақшаға да,
Жамандасаң әкеңді, саған әкеп,
Жақсы әкесін бере ме басқа бала.
Әке – білек, саусағы – балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары,
Ана - тамыр бойымен бәріне де,
Тіршіліктің жылуы таралады.





Тыңда мені  жүрекпен...

Ей, адамзат!
Қара жерге гүл еккен,
Қара орманды күл еткен!
Тыңда мен
i жүрекпен!
Тыңда мен
i, сан жұрттар!
Кең әлемде кеуделерде тарлық бар,
тұтастық бар, қалдық бар,
бар әлемде, қара жерд
iң бетiнде
соғыс жайлы жарлықтар.
Дүниеде ұзын қолды үстем бар,
шарасыз бір күштер бар,
махаббат бар, құрлықтар бар, түстер бар.
Жанартау бар, жарылу бар, дүмпу бар,
Сәнд
i үйлерде күңкiл бар.
атпай, аспай құрту бар.
Адалдық бар, мейiрiм бар, зорлық бар,
қайратыңды қайнатады қорлықтар.
ұлылық бар, даналар бар, мұрат бар,
шың аталған қырат бар.
Б
iрақ соның бәрiнен
би
iк тұрған бiр күш бар,
дидарына Жер де құштар, Күн құштар:
ол – нәз
iктiк,
мәңг
i шуақ, нұры – қүт,
сарқылмайтын жылылық,
ол т
iрлiктiң қуаты –
ӘЙЕЛ атты ҰЛЫЛЫҚ!

Ана махаббаты
Малынып мұң-желімге
жырақта жүргенімде,
тайғақ жолдар жанымды бек жүдетіп,
саған деген бал сезім елжіретіп,
қатар басып менімен күнде бірге
себеді үміт нұры
тоңыңқырап жүретін бұл қөңілге.
Шың, құздар биіктегі
тұрғандай сүйіп мені,
сен секілді үндемей біліп бәрін,
кей шақтағы еркелеу қылықтарым,
кейде жаным төзгісіз тұйық па еді
бәрібір саған ғана
осы қалпым, бар қалпым сүйікті еді.
Зымырап жылан-жалған,
құлардай қыран жардан -
кейде алдымнан тосады дүлейлерін,
кейде жайлар жанымды үрей менің
айрылып қалғандай сыңар жаннан.
Сонда сенің нұр тұлғаң
Қыдыр ата секілді шығар-ды алдан.
Өмірдің бауын, бағын,
мұнарлы сағымдарын,
көз бермес дауылдарын -
кешіп келем бәрін де, көріп келем,
кейде қиын жылдарға жорық деген,
кейде денем майысып, ауырладым.
Енді біттім дегенде,
есіме алам сен барын, ауыл барын.
Сенің гүл алақаның
аялап балапанын,
қыран мекен - қияға талпындырған,
қанат байлап арманға жалқын нұрдан.
Ойлауменен есейген бала қамын
жазатын өзің ғана
жанымдағы жалаңаш жара табын.
Ешкімге жала жаппай,
ешкімді қаралатпай,
адалдықтың емізіп сүтін маған,
"өтірікке тұнса да бүкіл ғалам,
шындықпен өт дегенің"- үкім маған,
көңілімде жаттаулы дара хаттай.
Шындықтың құздарына,
дауылдың ызғарына
кеуде тосып келемін өрмелеп мен,
талай-талай алқынып терге бөккем,
суық өтіп жүрегім сыздады ма -
сенің демің шілденің
күн шуағын құяды мұз-жаныма!
Жылытып шуақ-шабыт,
жанымнан сыр ақтарып,
нұрына жүрегіңнің ауық-ауық
салқындаған денемді малып алып,
сен сүйейсің жатсам мен құлап қалып,
армандарды бетке алып жүріп келем,
сенің махаббатыңмен қуаттанып.

1973 ж.

Өлең

Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін
мен сені аялаймын.
Біреудің пасықтығынан,
біреудің жасып мұңынан
жүрегім сыздаған кезде,
жаным мұздаған кезде
мен сені саялаймын.
Біреудің күлкісін көріп,
бақыттының түр-түсін көріп,
шаттанып қалған шағымда,
жеткендей арман-сағымға,
қуаныштан дірілдеп денем,
алдыңа күлімдеп келем.
Ажалмен айқасқан сәтте
қыршын жас көз ілгенін көріп,
өткінші сезімдерді көріп,
кешегі «доспын» дегеннің,
минутта жерінгенін көріп,
кімнен өшімді аларымды білмей,
кімдерге кінә тағарымды білмей,
алдыңа лапылдап келем,
жарылуға жақындап келем.
Өмірдің өткелдерінен
қиындық көп көргеніммен,
өртеніп от басқаныммен,
өзіңмен қоштаспадым мен.
Күлкімді, жайлы күнімді,
азапты, қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін,
менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем!
1974 ж.


Өмір


Бұл өмір қайда барады шабыспенен?
Ерем деп сілем қатты, қамыс-денем.
Жолшыбай жоғалтыппын бар мүлкімді
ар, ұят, имандылық, намыс деген.
Жүріппін кідіріссіз сар желіспен,
сусыным шалап екен бал деп ішкен.
Білмеймін кімдер қашан айдап кетті
шырылдап бабам жиған малды өрістен.
Қысқарттым құр шабыспен қысқа күнді,
денемде тері орнында - мыс жамылғы.
Адалдық, зұлымдықты айыра алмай,
досымнан жақын көрдім дұшпанымды.
Бермеді өмір-шабыс маған тыным,
сезбедім тірлік мәнін, адам құнын,
тебініп текіректеп кете бердім,
тірілей қырықтым да анам тілін.
Табылмай құл тірлікке бір арашы,
морт сынды өмірімнің бұғанасы.
Миым - тас, жүрегім - мұң, сезімім - көн,
алдымда - ажал-шыңның құламасы.

1990 ж.











Замандастар көзімен

         «Фариза апамыз поэзияға қанат қағып алғаш қосылған кезден бастап, бүгінгі қазақ поэзиясының падишасына айналып, бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады»
                                                 
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

         «Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде Махамбет өлеңдерінің екпіні, Махамбет өлеңдерінде ғана кездесетін, лирикамен қатар жүретін ашу-ыза екпіні бар. Фаризаны мақтау қажет емес, мақтану керек»

                                      жазушы, Әкім Тарази.


         «Фаризаның шығармашылығын түсінуге ерекше бір талғам керек»

                                   ақын, Ақұштап Бақтыгереева


“Мен ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованың адалдық, намысқойлық, жаны таза, ары таза ерлерге лайық биіктерде ғана көремін, қашанда сол биіктерден көргім келеді”.
Ғабит Мүсірепов


Фаризаға

Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз!
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді де іздейтін жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де.
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып
Тастағысы келеді күресінге,
Фаризажан, сен соны білесің бе?..
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
Серіппесі үзіліп, тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяқ басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
…Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Мандайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?
Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсеңде қаншама мыңды-мыңға.
Айналаға қарайық анық барлап,
(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ).
Не туралы жазсақ та, Фариза ақын,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап…
Фариза!                                     
Фариза ақын, Фариза қыз!
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз…

ақын, Мұқағали МАҚАТАЕВ

 

Екі ауыз сөз
            Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, құлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ. Ғарышқа дейінгі биіктік те ортақ. Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін.
         Сол биіктерге көтеріле беру, сол тереңдікке бойлай беру, сол адамгершілік қасиеттерді толықтыра беру — ақын-жазушының бәріне ортақ арман. Мұның екінші аты, ең дұрыс аты — адам жанындағы, адам рухындағы тереңдік.
         Тегінде биік көтерілу мен тереңге бойлау деген бірі жоғары, бірі төмен тартқандай көрінгенімен ақын-жазушылар үшін оның мағынасы екеу емес, біреу: екеуі де ой мен көркемдіктің өресі әрі биік, әрі терең болуын талап етеді. Идеялық және көркемдік тұтастығы дейтініміз сол биікте, сол тереңдікте ғана тоғысады. Мен Фариза қызымызды осыны іздену жолында көремін.
         Қай халықтың әдебиетін, қай кездегі әдебиетін алып қарасаңыз да, өз ішінде байқалатын қарайластары болады. Өмір ортақ, тақырыптар ортақ, күнделікті таласы да, таразысы да ортақ, арманына қарай ұмтылысы да ортақ болған соң әр дәрежедегі қарайластықтар да табиғи жайға жатады. Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэзиямыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін.
         Бұдан недәуір ертерек жылдарда, жас та болса қалам ұстасының беріктігіне өзі әбден сенген кезінде Фариза атақты «Өлеңін» жариялаған еді. Ақынымыздың бұл шығармасын мен өмірлік программасы екен деп түсініп едім. Ол өлеңінде тайсалмай берілген батыл сенім оқушылардың ойында қалған болу керек. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезде, кешегі досының бүгін жерінгенін көргенде, шын ақынның жарылып кетердей болған кезінде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы — поэзиясы болмақ-ты.

Көңілді, жайлы күнімді,
азапты қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін,
менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем! —
деген-ді.

Емхана. Түн. Алматы 15.XII. 1974 жыл.
жазушы, Ғабит МҮСІРЕПОВ
1982 ж.

Фаризаны оқысам, қанаттанып қаламын

            Өнердің басқа салалары сияқты поэзияда да талантты ақындар сирек туады. Біздің қазақтың үлкен поэзиясының тарихы да осындай ірі ақындардан жаралған. Сондықтан да біз Абайдан басталатын халқымызға мәлім ақындарды атағанда, олардың еңбектерін әңгімелегенде, соңғы жүз жыл бойындағы қазақ тарихының белестерін, қазақ поэзиясының асарларын көреміз. Мен жасы елуге қадам басқан Фа­риза Оңғарсынованы осы тарихи тізімдегілердің қатарына қосамын.
         Біздің ақындық бойымыздағы кемшіліктерімізге қарамастан, ол кемшіліктерімізді көре-біле тұра, өзімізді олқысынбаймыз ғой. Біз халқымыздың жан сырын, үміт-арманын, қуаныш-күлкісін, ызалығын, махаббатын түгел жеткізетін поэзия жасадық дейміз. Сол поэзияның соңғы жиырма жыл бойындағы ауыр жүгін аса қиын күндерде қорықпай, тартынбай көтеріскен ақындарымыздың бірі — осы Фариза.
         Толқын соңынан толқын жалғасып келеді. Қазақ тілін, қазақ поэзиясын кемелдендіре беретін, оның философиялық және эстетикалық ой-сезімдерін әлемдік деңгейге теңестіре түсетін үміт-сеніміміз жастар десек, олардың алдында тұрған бастаушы жүйріктеріміздің бірі —  осы Фариза.
«Қарашы өз бойыңда түгел ме екен,
Ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш», -  дегенді Абай кілең құлағымызға құяды да тұрады ғой. Осындай ұстаздық сөзді ол тұрғысынан — өз мінбесінен Фариза құлағымызға көп құяды. Мен оның монологтарынан адам өзіне-өзі үңілмей, өзіне-өзі төрелік айтатын болмай тұрып, адам емес екен дегенді көбірек жаттаймын.
         Ұят-ұят дегеніміз — әрқайсымызды іштен тежейтін күш. Абай бізді өзімізді-өзіміз тежей білуге шақырған.
         Фариза да бүгінгі қазаққа осы сабақты өзінше оқытады.
         Фаризада халықтық рух бар, ол — елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын.
         Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын.

ақын, Әбділда ТӘЖІБАЕВ
Желтоқсан 1988 жыл.


Поэзияның дүлділі, прозаның шебері
         Шын ақынға проза жазу жат емес. Ақын жазған проза ақ өлең сияқты, қара сөзден балқыған күміс тамшылап тұрғандай әсер етеді.
         Мысалы, орыс поэзиясының пірі Пушкин жазған прозаны алайық. «Капитан қызы». Оны қайта-қайта оқи бергің келеді. Пугачев көтерілісіне байланысты жазылған бұл хикая адам жанын тебірентіп, геройларының тағдыры өз тағдырыңдай көрініп, сол оқиғалардың ішінде өзің жүргендей боласың.
         Поэзия мен проза жұптасқан мұндай мысалдар көркем әдебиетте аз кездеспейді. Әріге бармай-ақ, күні кеше арамызда жарқылдап жүрген ақиық ақын Ғафуды алыңыз. Оның «Елтінжалы» поэзия мен прозаның аймаласуы екен деп қаласыз.
         Ал енді заманымыздың заңғар ақыны Фариза Оңғарсынованы алар болсақ… Поэзиясы — шың. Прозасы — сол шыңды тіреп тұрған шоқылар.
Айталық, Арқаның ат құлағы көрінбес ақ бораны. Айдала. Адастың. Бір тал шырпы табылып, қарағанның бұтағын сындырып, тасада от жағасың.          Жылынасың. Фариза өлеңдері сондай.
Айталық, айналаңның бәрі ақ шағыл құм. Арқалағаның алтын. Күн ыстық. Шөлден өліп бара жатсың. Алдыңнан мөлдіреп бұлақ кездеседі. Шөлің қанып, тірі қалдың. Фари­за ақын шығармалары сондай. Сонда алтын қымбат па? Нағыз поэзия қымбат па?
         Сірә, Фаризаның проза жазуына оның әу баста журна­лист болуының әсері деп ойлаймын. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Батыс облыстарындағы меншікті тілшісі болды.
«Шашы ағарған қыз» повесі сол жылдары туса керек. «Келіншек» те. Алғашқысы сонау азамат соғысы кезіндегі алқын-жұлқын алапат күндерді еске салады. Сөз басында «Капитан қызын» еске алғаным тегін емес. Анда да соғыс, мұнда да соғыс. Соғыс — адам тағдырларын сапырылыстыратын сұрапыл дауыл ғой. «Махаббат пен ғадауат майдандасқан аламан дүние».
         Фариза прозасындағы эссе — қара сөз дегені болмаса, баяғы сол есіліп тұрған поэзия.
Және шырылдап тұрған шындық. Ол ақындар Әбділда Тәжібаев туралы болса да, Мұқағали Мақатаев туралы болса да — кәнігі кәсіпқой сыншылар айта алмаған сырды айтады. Бұл — сын да емес, сыр. Және шын сыр.
         Осындайда бір әпсана еске түседі: Орман. Әзәзілдер. Және бір бүкір. Күн жұма. Әзәзілдер: «Сейсенбі! Сейсенбі!» деп айқай салады. Бүкір де күн жұма екенін біле тұра «Сейсенбі! Сейсенбі!» деп әзәзілдерді қостайды. Бүкірі жазылып кетеді.
         Тағы да орман. Әзәзілдер. Басқа бір бүкір. Күн жұма. Әзәзілдер: «Сейсенбі! Сейсенбі!» деп айқайлайды. Бүкір: «Жоқ! Жұма! Жұма!» деп қасарысады. Арқасына екінші бүкір пайда болып шыға келеді.
Шындықтың «сыйы» осындай. Шындықты тек шын дарын иелері ғана айта алады.
         Фариза Оңғарсынова — поэзияда да, прозада да тұяғы мұқалмаған хас дүлдүл.

жазушы, Шерхан МҰРТАЗА


Рух жанартауы
        
         Фариза Оңғарсынова — азамат боп ашынуды, пенде болып мұңдануды, перзент болып тебіреніп, періште болып қуануды қаз-қалпында жеткізе алған аса сирек лирик. Лириктердің көбінде соның бірі жетсе, бірі жетпейді. Ал бұл ақынға адамдық кескіндемеге жататын барлық сезім гаммасын ұрымтал ұстап, ұтымды бейнелеу соншалықты оңай, соншалықты жеңіл. Әйел кешер жан азабы мен тән азабын, сезім сергелдеңін Фаризадай дәл, Фаризадай нәзік, тиген жерін ойып түсер, шоқтай отты да уытты жеткізген ақын арғы-бергіде кем де кем. Бұл саладағы оның драматизмі, нақтылығы, суреттілігі ең ірі психолог романистердің тандаулы беттерімен тайталаса алады. Мұндағыдай сезім полифониясы, рух симфониясы әдетте лирика ауқымына сия бермейді. Оңғарсынованың махаббат лирикасы — әлемдік интимдік поэзияның өзінде не бір тізгін үзген саңлақтардың өздерінде де ұшыраса қоймаған сирек құбылыс. Сондай шынайылыққа болмыстың ұңғыл-шұңғылына тереңдей бойлаған философиялық зерде мен халық тағдырына қабырғасы қайысқан азаматтық серпінді қосыңыз. Мұндай диапозон мен мұндай палитра тек бір ғана ұрпақтың емес, бүкіл ғасырдың сипатын ашып, бір ғана ұлттың емес, күллі адами болмыстың шер-шеменін жан-жақты жайып салар шын мәніндегі заманалық суреткерлерге ғана тән болса керек.
         Сондықтан да болар, өз басым Оңғарсынованы замандастарымен қатар қойып оқымай, арғы-бергідегі ең ұлы лириктермен салғастырып оқимын. Сонда оның жұлдызының әлемдік поэзия пантеонындағы өзге самалалардың қасында нұрсызданып кетпегенін көріп, қатты қуанам.
         Менің оны алғаш көргенім әлі есімде. Мөлт қара шашты, мойыл көзді, тұйық мінез тәкаббар бойжеткен. Кімнің жырына қалай қарайтынын байқатпай, бір бұрышта жұрттың бәріне бір қырындау көз тастап бейтараптау отырған…
         Енді, міне, күні кеше бір-бір ұшып ғайып болған боз селеулі даланың күміс қылауы біздің де самайымызға көшіп қоныпты…
         Оның есесіне, Байрон мен Пушкинді, Рильке мен Axматованы, Матерлинк пен Гумилевты, Абай мен Мағжанды оқитын талғампаз оқушы Фаризаның да әр кітабын қолына шырақ алып жүріп іздеп оқиды.
         Өйткені шытырманы мен шырғалаңы әлі де жеткілікті мына заманда ойы он тарапқа, санасы сан салаға шашырайтындай шытырман ахуалдар кешіп жатқан бүгінгі жас ұрпақ та көкіректерін көлегейсіз жайып салар сырлас іздегенде, айналып өте алмас аз тұлғаларының бірі — Оңғарсынова.
         Бұдан кейін де талай ұрпақ келер. Олар да талай гәпті бастан кешер. Оларға да сырлас, мұңдас керек болар. Сонда олар да Фариза Оңғарсынова жырын аттап өте алмас. Өйткені тылсым дүниенің ащы-тұщысын бірдей татып, одан алған әсерлерін Оңғарсыновадай қалтқысыз жеткізе алған ақындар арғы-бергіде онша көп емес.
         Ендеше, жер бетінде жұмыр басты жан барда, олардың көкірегінде мынау жарық дүниенің сан-сапат қыр-сырын ойлап тыпыршитын жүрек барда Оңғарсынова шабытының жұлдызы барған сайын биіктеп, барған сайын маздай түсер.
         Суреткерге жарадар жанға шипа, сергелдең сезімге басу, мазасыз ойға көш басшы бола білгеннен артық бақыттың керегі не!

жазушы, Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ
1989 ж.

Ақынсыз бір сәті, бір күні аңыз

         Мінезді, тегеурінді, ынтық өлеңдер, құштарлығы бойға сыймайтын іңкәр жырлар жылғаларды толтырған көктем суындай тасынып, тарала жөнелді. Фаризаның сіңлілеріне махаббат пірі жар болғандай, бұрын-соңды айтылмаған тәтті, назды, кейде кейіген, кейде қарғап-сілеп жерлеген, кейде момақан мойындаған жүрек күнделігіндей сүйіспеншілік жырлары қаулап өсіп, олар апасына да, бір-біріне де ұқсап кетіп жатты. Ақын қыздар есімі күннен-күнге қосылып, ақылды ақын Анна Ахматованың:
Я научила женщин говорить…
Но, боже, как их замолчать заставить! —
деген жолдарын еске түсіретін. Бірақ, Фариза таланты оны өзін жақсы көріп еліктеген сіңлілерінен бөлек даралай алатын дәрежеде еді. Сондықтан да ақын бір арнада қалмай, жаңа сала, жарқын бағыт іздеді. Махаббат лирикасында басқалардың батылы жете бермейтін ұғымдарға еркін барып, бүтіндей бір кезеңнің көзқарасын қалыптастырып, ойын өзгертті.
Алыстарға кетейік,
каланың бізді көп жалықтырған күйбеңдерінен жыраққа,
ақ бас тауларға, аймалап жатқан күміс шолпылы бұлақтар.
Сен ғажайып ертегілердің батыры
Астындағы арғымақ атпен айшылық жолды бір аттар.
         Өзіңе ғана табынған ессіз мен нәзік ару болайын,
дозақ боп сенсіз көрінсін тіпті жұмақ та!
Өңгеріп мені ап кетші — көк ормандарға — тылсымын аяқ баспаған,
түнектерімен өр көңілдерді жасқаған.
Толтырсын меңіреу дүниені у-шу дүбірге
сенің екпініңнен қашқан аң!
         От махаббатыңнан өртенген маған еркек еместей көрінсін — жалғыз өзіңнен басқа адам.
         Қанша үйреніп, қызыққанмен, бұл — әлі басқа қыздар жаза алмаған бұла тілек, бұрқанған жүрек әмірі. Сүйген жанының алдында шын сырын айтып, жалынып, жылап тұрса да аласармайтын биік, жасымайтын жасын бейне лирикалық кейіпкер — сыпайылық, ибалық шегінен асып кеткен әдепсіз қыз емес, ақынға жарасатын адуын мінез бен халықтың өзінде бар қасиет — пердесіз жас наз көңіл иесі, ел еркесі. Сезімін қанша ашық айтам десе де, ақын қыз табиғатында әлсіздік пен нәзіктік жоқ емес. Жібектен жұқа, пернеден сергек жан болмаса,
Шыр еткендей коңырау — сонда есікке
жүрегім жүгіреді, —
деген дірілді, жолдарды жазар ма?!
         Ерлердің даңқы дүрілдеп тұрған ерте заманда туса Фариза ойын, бәлкім, басқаша өрер ме еді, бүгінгі қасаң да, бейжай дүниедегі шектеулі сезім, бұйдалы ұғымдардың құлына айналған кейбір жалтақ жандардың қалпақ киіп жүргеніне ызаланғанда қаттырақ кететіні рас та шығар. Онысын кінәлаудың бір ұшы бүкіл дәуірге тиетін болу керек. Фариза болса, осы заманғы әйел бастан кешетін сезімдерді жасырмай жырлап, жыр сапасын жаңа көркемдік дәрежеге көтере келіп, одан әрі қарай кемелдіктің белгісі — адам, қоғам, ғасыр мәселесіне байсалды бұрылыс жасады. Жыр көшінің әлеуметтік жүгін байытты.

ақын,  Күләш АХМЕТОВА
1989 ж.

«Пионер» журналы. Фариза апайдың бөлмесі

Мейлі, нөсер, құйыңыз, төкпелеңіз,
Аспақшымыз, беу, әлі қанша жол біз!
… «Пионер» журналына көп келеміз,
Өзіміз комсомолмыз.
Комсомолмыз, сондықтан пәк ұланбыз,
Әрине, ұсақ-түйек мұңымыз бар.
Бай емеспіз, бейкүнә бағланбыз,
Шамамен осындаймыз,
ұғыңыздар.
Апамыздың бөлмесі — бөлек ұя,
Біз — біржола тоқтаған көш-елеспіз.
Шақырмаңыз, бағзы бел, көне қия,
Бос емеспіз.
«Пионер», білесіз бе, ғажап биік —
Қазығұрттай басында кеме қалған.
Құлдыра, студенттік қазақ киік,
Биікте, терек-арман!
Иә, біздер — киіктерміз, еліктерміз,
Әр күніміз — ұлы сыр, ұлан аңыз.
(Апайға көп келеміз неліктен біз?
Сұрамаңыз.)
Келеміз қаншама ұлан, қаншама қыз,
Әйтеуір, шын сүйеміз Апаны біз.
Көк нөсермен қорқытып шаршама, Күз,
«Пионер» —
су өткізбес шапанымыз.
…Өтті заман, сарғайды жасыл алаң,
«Пионерсіз» әлемге кірдік келіп.
Біз —
киікпіз әр жерде шашыраған,
Қазақстан кең байтақ құрлық делік.
Беу, көп еді тоғай-той, тоты-бұлақ,
Біздер кешкен қанша өзен, қанша көл бар?!
… «Пионерді» аңсаймыз отырып ап,
Кешегі комсомолдар.
ақын, Ертай АШЫҚБАЕВ


Фариза бұлағы

Сырымды көрінгенге ақтармайын
дегендей,
баяу жылжып аққан дәйім
балбұлақ қайдан білсін
Алматыдан
Ақындар тірейтінін ат маңдайын.
Жүгіріп жалғыз өзі жазықта алғы,
тербеткен бөбектейін нәзік талды.
Сыбырлап құлағына құпиясын,
бұл жайды самал ғана сезіп қалды.
Шыдай ма, шарықтамай, ұнатқасын,
қалайша шабыт құсы тұрақтасын.
Жайсаң жыр жалт қаратып құба жонды,
жаңғыртты келісімен бұлақ басын.
Тамаша толып жатыр, сұрамаңыз,
бұл өзі, айтар болсақ, біраз аңыз.
Торғайдың топырағын тебірентіп,
бір кезде сөйлеп кетті Сыр-ағамыз:
— Аз емес жол әсері бұл аптаның,
мүмкін бе көру бәрін, шырақтарым.
Төскейде келер-ау деп бізді күткен,
білсеңдер болды осындай бұлақ барын.
Мейірімді,
жүректері ылғи жалын,
уа, жұртым,
десең егер ризамын,
ақын қыз есімімен аталатын
болсын да бұлағы бұл Фаризаның!
Ұмтылған альпинистей өрге күнде,
өлеңнің өз перзентін көрмедің бе?!
Өзгеше сый-құрметке лайықты,
жайнаған бір жұлдызың жыр көгінде…
Соңына құлын да ерген, бота да ерген,
асқанда ақын аға атағы елден.
Табиғат аясында тілек тілеп,
Талантқа осылайша бата берген.
Ерлікті,
Елдікті де Торғайдағы,
талайлар тебірене толғайды әлі.
Бұлақтан бастау алған жыр жолына,
байқалды баршасының қол қойғаны.
Сағыныш болып айтар бір-ақ әні,
сандуғаш саясына оралады…
Қыр асып бара жатты қимас көңіл,
желбіреп қол ұшында орамалы.

ақын, Мұхтар ҚҰРМАНАЛИН
Ақтөбе. 1978 ж.

Фариза апа
Өлең — өмір, өмір — өлең,
Дегенімде қиялмен Сізді көрем.
Көкорайлы көңілдің көктемі мен
Күңіренген, күрсінген күзді көрем.
Ақтарсам да тарихтың қай парағын,
Байтақ мінез Сіз тұрсыз – байқағаным.
Сізбен жерлес болғаным – бақытым деп,
Мың мәртебе мақтанып айта аламын.
Замандастың жазира жүздерінен,
Сізді көрем деп те бір ізденіп ем.
Бәрін оқи алмадым, үлгертпеді,
Көз алдымнан өткен соң жүз керуен.
Заман сырын жүрекпен шын ұқтың ба?
Махамбеттің жырымен шынықтың ба?
Ақиқаттың ақ алмас қылышындай
Айтар жерде түсіңді суыттың ба?!
Қол жетпестей теңеймін Сізді шыңға,
Қыраным да өзіңіз, қызғышым да.
Фариза апа, ізетім өзіңізге –
Сіңілің айтқан осынау ізгі сырда!

ақын, Гүлжайнар ҚАЛДИНА.